itemprop="image" itemscope itemtype="http://schema.org/ImageObject">

Әлеуметтік желілерде Үлкен Алматы өзені жағалауындағы жұмыс барысы түсірілген видео пайда болды. Ролик авторы қаптаманы сынға алса,пікір қалдырушылар бетонның гранит сияқты түске боялғанына назар аударған. Қалалық экология және қоршаған орта басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ролик Threads әлеуметтік желісінде жарияланды,авторы "Алматыда гранит осылай жасалады" деп жазған.
Пікірлерде тұрғындар қаптаманың төзімділігіне күмән келтіріп,су ағыны оны тез зақымдауы мүмкін деп қауіптенеді.
"Ол жерде нағыз гранит плиталар болған. Оларды қайда жіберді? Бұл бір күндік
шала реконструкцияның не керегі бар? Тау суының қатты ағыны мұның бәрін тез шайып кетеді"
"Нағыз гранитті алып тастап,орнына үгінді қойған ба? Әлде ол қандай технология?"
"Төрайғыровтан төмен бұрын да болған. Біз бұл жерде көп жылдан бері тұрамыз. Төрайғыровтан төменге ауыстыру үшін әл-Фарабиден жоғары жақты неге алып тастайды? Бір жерден екінші жерге көшірудің мәні неде? Барлық жер біркелкі болуы керек,ең бастысы – сенімді,сапалы және көп жыл шыдауы тиіс".
Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері Үлкен Алматы өзені арнасын реконструкциялауды "Павлодар өзен порты" АҚ жүргізіп жатқанын түсіндірді. Жобаға сәйкес,мамандар ұзындығы 5,7 шақырым болатын учаскеде тексеру жүргізіп,ескі плиталардың деформацияланғанын анықтаған.
"Әл-Фараби даңғылынан жоғары учаскеде гранит плиталарды толық шешіп алып,баспа бетон құю қарастырылған. Біртұтас концепция мен декоративті көріністі сақтау мақсатында құйылған бетондар қолданыстағы гранит плиталардың түсіне сай боялды",- деп хабарлады басқарма өкілдері.
Гранит плиталар мен өзен арнасының жай-күйі / Фото: Алматы әкімдігі
Гранит плиталар мен өзен арнасының жай-күйі / Фото: Алматы әкімдігі

Гранит плиталар мен өзен арнасының жай-күйі / Фото: Алматы әкімдігі
Айта кетейік,бұл Үлкен Алматы жағалауына қатысты алғашқы дау емес. 2025 жылғы қарашада қала тұрғындары Сәтбаев көшесінен жоғары учаскедегі жұмыстарды сынға алған болатын. Сол кезде тұрғындар граниттің боялған бетонмен ауыстырылуын "вандализм мен ұрлық" деп атаған еді.
Әкімдік бұл шешімді граниттің қымбат болуы және оған күтім жасаудың қиындығымен түсіндірген. Билік ылғалға және ультракүлгін сәулеге төзімді арнайы резеңке қоспа қолданылатынын алға тартып,бұл технологияның барлық құрылыс нормаларына сәйкес келетініне сендірген болатын.
Үлкен Алматы өзенін реконструкциялаумен және қаладағы басқа да ірі жобалармен "Павлодар өзен порты" АҚ айналысады. Біздегі мәлімет бойынша,компания Алматыда 67 миллиард теңгеден аса сомаға ірі мемлекеттік келісімшарттар алған.
Бұл ретте кейбір жоба дау-дамай және сот процестеріне ұласқан,солардың ішіндегі елеулі бірнеше жағдайды еске түсірейік.
Үлкен Алматы арнасын реконструкциялауға тендер 2024 жылғы 16 қыркүйекте жарияланды. Келісімшарт сомасы 7,143 миллиард теңге болды.
Бұл нысандағы жұмыстар қала тұрғындарының есінде бірқатар келеңсіз оқиғамен қалды.
Плиталарды ұрлау: 2025 жылғы қыркүйекте блогер әрі белсенді Санжар Боқаев гранит плиталардың ұрланғанын анықтады. Белгісіз тұлғалар манипулятормен материалдарды құлпытас жасайтын цехқа тасыған. Сол кезде мердігер плиталар "таныс емес жігіттің өтініші бойынша" ұрланғанын айтып,полицияға арыз түсірген.
Бетон сапасы: кейінірек белсенді кәдімгі шарик қаламмен жаңа плиталар жабынын қырып тастаған видеосын жариялады. Мердігер өкілдері мұны гидрооқшаулағыштың "өткір заттармен келтірілген механикалық зақымға төтеп бере алмайтындығымен" түсіндірді.

Фото: видео кадры
Анықтама: 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда Санжар Боқаевтың ұсталғаны белгілі болды. Бас прокуратура мәліметінше,ол жалған ақпарат таратты және ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.
Сайран су қоймасын абаттандыру да ең көп талқыланған және ең қымбат жобалардың біріне айналды – сомасы 12 миллиард теңге болатын келісімшарт 2023 жылғы желтоқсанда жасалған. Бастапқыда жұмыстар 2024 жылы аяқталуы тиіс еді,бірақ мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді.

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
2025 жылғы тамызда әкімдік "Павлодар өзен порты" компаниясының үстінен міндеттемелерді уақтылы әрі сапасыз орындағаны үшін талап арыз берді. 2025 жылғы қыркүйекте бірінші сатыдағы сот компанияны сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танып, 23,1 миллион теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндірді.
Алайда кейін апелляция компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы шешімнің күшін жойды.
Нысан ресми түрде тек 2025 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілді,қазір оған "Жасыл Алматы" КММ жауапты.